Торонтода ұшақ қонар кезде аударылып қалды (ВИДЕО)

Сымбат Сатыбалдина

Торонтода қонуға дайындалып келе жатқан ұшақ аударылып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

видео кадры

МӘН-ЖАЙ

Delta Air Lines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Канаданың Торонто қаласындағы Пирсон халықаралық әуежайына қонар кезде апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 17 жолаушы жарақат алған. Бұл туралы CTV News хабарлады.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Ұшақ дүйсенбі күні Миннеаполистен ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 14:45 шамасында апатқа ұшырады. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, жарақат алғандардың үшеуінің жағдайы ауыр, олардың арасында бір бала бар. Қалған зардап шеккендер жеңіл жарақаттармен жергілікті ауруханаларға жеткізілген.

ЖЕРГІЛІКТІ ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ

АҚШ-тың федералды азаматтық авиация басқармасы ұшақтың қону кезінде аударылғанын растады. Ал Канаданың Көліктегі қауіпсіздік кеңесі бұл оқиғаның тергеуін өз мойнына алып, жағдайға қатысты қосымша ақпаратты жариялайтынын мәлімдеді.

Канада көлік министрі Анита Ананд әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасап, борттағы 80 жолаушының жағдайы белгілі екенін айтты.

 Мен Миннеаполистен шыққан Delta Air Lines әуе компаниясының 4819 рейсінде болған ауыр оқиғаны мұқият бақылап отырмын, деді министр.

Торонто әуежайындағы ұшу-қону жолақтары сейсенбіге дейін жабық болады деп күтіліп отыр.

Қазіргі таңда құзырлы органдар апаттың нақты себебін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.