Арқалық қаласының тұрғыны 2024 жылғы су тасқынынан бүлінген үйі үшін өтемақыны сот арқылы дәлелдеп алуына тура келді. Бұған дейін жергілікті мемлекеттік органдар өтемақы төлеуден бас тартқан еді, себебі өтініш беру мерзімі өтіп кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сот Арқалық билігін су тасқынынан зардап шеккен қостанайлық әйелге әлеуметтік көмек беру құқығын қалпына келтіруге міндеттеді. Қамқоршысы (опекун) оның атынан 100 АЕК мөлшерінде өтемақы төлеу туралы арызбен жүгінген. Алайда жергілікті жұмыспен қамту бөлімі өтемақы беруден бас тартып, төтенше жағдай режимінің аяқталғанын және өтініш беру мерзімінің өтіп кеткенін алға тартқан.
Сот барысында әйелдің үйі су тасқыны кезінде қатты зақымданғаны анықталды. Бірақ ол өз бетінше жылжымайтын мүлікті рәсімдей алмағандықтан, мұрагерлік құқығын тек 2024 жылдың қарашасында ғана алған. Осыдан кейін қамқоршысы өтемақы алу үшін тиісті органдарға жүгінген.
СОТ ШЕШІМІ
Сот әйел адамның құжат тапсыру мерзімінің өтіп кетуін негізді себеп деп танып, оны қалпына келтіру туралы шешім шығарды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салсақ, 2024 жылғы көктемде Қазақстанда су тасқыны салдарынан он аймақта төтенше жағдай жарияланған болатын. Республика бойынша 19 мыңнан астам тұрғын үй зақымданып, зардап шеккендерге 50 млрд теңгеден астам өтемақы төленді.