Украина қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға шабуыл жасағанын растады

Сымбат Сатыбалдина

Украина қарулы күштері Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы бергенін ресми түрде растады. Олардың қатарында Қазақстан мұнайын тасымалдауға жауапты станциялар да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖИ / ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, 19 ақпанда Краснодар өлкесіндегі әскери және отын-энергетикалық инфрақұрылымның стратегиялық нысандарына соққылар жасалған.

- Нысанда алапат өрт болды. Сондай-ақ Кропоткинская мен Андриаполь мұнай айдау станциялары зақымданып, істен шықты. Бұл станциялар ресейліктерге жанармай тасымалдауда негізгі рөл атқарған. Соққыдан кейін олардың жұмысы тоқтап, агрессорға отын жеткізудің логистикасы айтарлықтай қиындады, делінген Украина бас штабының мәлімдемесінде.

Украина қарулы күштері бұл шабуылдардың Ресейге жанармай жеткізу логистикасын бұзуға бағытталғанын атап өтті және мұндай операциялардың жалғасатынын ескертті.

- Украина қорғаныс күштері Ресейдің қарулы агрессиясын қолдайтын стратегиялық нысандарға соққы беру құқығын өзінде қалдырады. Заңсыз соғысты қолдайтын энергетикалық инфрақұрылымды бұзу операциялары жалғаса береді, делінген ресми хабарламада.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға дронмен шабуыл жасалған болатын. Ақпаратты энергетика министрлігі таратты. Олардың айтуынша, шабуыл жасалағанын КҚК-да растады.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" ЖЗҚ мұнай тасымалдау объектісі БПЛА шабуылына ұшыраған. Жарылғыш заттардан басқа метал зақымдайтын элементтермен толтырылған жеті ұшқышсыз ұшақ террористік шабуыл жасаған. Шабуыл объектінің жұмысын бұзып қана қоймай, станцияның жедел қызметкерлерін өлтіру мақсатында уақыт аралығымен жасалды.