Қытайға жер беріп 320 миллион табатын қазақ

Ілияс Бақыт

Иә, әлеуметтік желіде осындай видео тарады. Кейіпкердің сөзінше бір қазақ азамат қытайлыққа жерін жалға беріп жылына 320 миллион теңге табыс табады екен. Желі оқырмандарының арасында бұл идеяны құптағандардан гөрі қарсы шыққандар көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

ҚЫТАЙҒА ЖАЛҒА ЖЕР БЕРГЕН

Видео авторының айтуынша қазақ азаматы 6 мың гектар жерін 16 жылға қытайлық азаматқа жалға берген. Видеода қытай азаматы түптің түбінде жер Қазақстанда қалады деген сыңайда сөйлейді. 

“Мен жерді 16 жылға жалға алдым. Бір гектары үшін 53 мың теңге төлеймін. 16 жылдан соң сіздерге не қалады? Жер асты насосы, құбырлар, арнайы техника… Біз тек өзіміз алған өнімді ғана өзімізбен бірге алып кете аламыз. Оны Қазақстаннан шығарарда тағы салық төлейміз. Мысалы 1 миллион теңге табыс тауып оны тұтастай елден шығара алмаймыз”, – дейді қытайлық азамат.

Видео астындағы пікірде желі қолданушылары “қытайларды елге кіргізбеу керек”, “қытай адамы кірсе елден айрыламыз”, “олардан кейін жер жарамсыз болып қалады” десе енді бірі 6 мың гектар жер ұстайтындай ол қандай азамат деп таңғалып жатыр.