"Жастарды нансоғарлыққа емес, еңбекке баулу керек". Дайрабаев колледж біліміне шүйлікті

Сымбат Сатыбалдина

Депутат Жигули Дайрабаев оқушыларға тракторшы, слесарь, токарь мамандықтарын 11 сыныпқа дейін үйрету керегін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖИ / ulysmedia.kz

“ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ КЕРЕК”

Депутат мәжілістің жалпы отырысында колледждегі білім туралы сөз қозғады. 

- Мектептен кейін колледжде оқу қандай мемлекеттерде бар? Мұны қайдан үлгі тұтып жатырсыздар? Оның нәтижесі қалай болмақ? Мектепте 11 сыныпты жақсы оқып алу керек қой. Түске дейін мектепте оқып, түстен кейін зоотехник, ветдәрігер боламын деген әңгіме құлаққа кірмейді. Колледж – ол бұрынғы техникум. Колледждің білімі өте сапалы болуы керек. 11 сыныпқа дейін мектепте баулу керек. Тракторшы, слесарь, токарь деген мамандықтарды біз мектепте оқығанбыз, сіздер жаңалық ашып жатқан жоқсыздар. Ескінің бәрі жаман емес. Жастарды нансоғарлыққа емес еңбекке баулу керек, дейді Дайрабаев. 

Дайрабаевтың сұрағына депутат Асхат Аймағамбетов жауап берді. 

- Колледж бойынша айтқан мәселеңізді талқылауға әзірміз. Қазір бұрынғыдай мысалы шаштараз болу үшін 3 жыл, 11 ай оқытпайды. Себебі оның керегі жоқ. Қазір кем дегенде бір жылда жұмысшы мамандықтарды алып шығуға болады. Сондықтан осы тұрғыда бірге ақылдасып жұмыс істейтін боламыз, дейді депутат Аймағамбетов.