Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Қазақстанда балаларға Тик-токты шектеп көрсету бастамасын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Кез келген зиянды контент, сөзсіз, балаға да, сыни ойлауы толық қалыптаспаған ересек адамға да әсер етеді. Сондықтан TikTok-ты шектеу мәселесінде мен бір мысалды келтіргім келеді. Бұл қосымшаны ойлап тапқан Қытайда балаларға арналған экран уақыты тәулігіне 40 минутпен шектелген, әрі онда тек білім беру және дамытушы контентке ғана рұқсат етілген. Ал біздің балалар мен ересектер көріп жүрген ақпараттың бастапқы көзінде мұндай мазмұн мүлде болмаған, – дейді Жұмаділдаева сенат кулуарында журналистердің сұрағына берген жауабында.
“Сіз бұл бастаманы қолдайсыз ба?” деген сұраққа ол “құқықтық нормалар аясында, әрине, біз мұндай бастамаларды қолдауға дайынбыз” деп жауап берді.
ДЕПУТАТТЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осының алдында кәмелетке толмағандарға TikTok-қа кіруге тыйым салуды ұсынған еді. Ол Тик-Токтағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қойып, оны кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыруға шақырады.