Тоқаев қол қойды: Түркістанда қандай өзгерістер болады

Сымбат Сатыбалдина

Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖИ / ulysmedia.kz

ЗАҢ

Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.

ҚҰЖАТТА

тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;

археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;

тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;

қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;

археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;

мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;

қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;

тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;

мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;

туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін 13 ақпанда сенат Түркістан қаласының ерекше мәртебесін беретін заңды мақұлдаған болатын

Заңның мақсаты – Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді реттеу. Құжат Түркістан қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұрасы объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтаудың және олардың бүтіндігін сақтап тұрудың тиімді жүйесін құруды көздейді. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймақтарының аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерге археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарланады. Тарихи-мәдени мұраны сақтап, дамыту, қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дамыту үшін қадамдар жасалады. Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасы объектілерін қорғау және пайдалану жөнінде қабылданған шешімдерді ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Түркістан қаласының халықаралық ынтымақтастығын дамытуға басымдық беріледі.