Мәжіліс депутаты Никита Шаталов кулуарда әлеуметтік желіде өзіне қарсы көп жазылған сыни пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШАТАЛОВ НЕ ДЕЙДІ
Никита Шаталов “параграф” сайтында өзінің өмірбаяны қателікпен жазылып кеткеніне (ҚазССР-да туған деп жазылған) өзінің қатысы жоғын айтады. Оны техникалық қателік деп атайды. Ақпарат көзіне хабарласып, қателікті түзетуді өтінген.
Сол қателікті біртүрлі айналдырып, мен көзіммен көрмеген совет одағымен араластырып жіберіпті. Мен оған көп назар аудармаймын. Адамдар ақпаратпен манипуляция жасап, мен жазбаған, айтпаған ақпараттарды таратты. Мен жария тұлға екенімді ескере келе бұған сабырлы түрде қараймын, – дейді ол.
Депутат өзін ресейшіл деп айыптағандардың айтқаны “қып-қызыл өтірік” деп жауап берді. Геосаясат жайлы сөз қозғағанда әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан жазатынын жеткізді.
Мен осы елдің патриотымын. Басқа адамдарға бірдеңе дәлелдеуге зауқым жоқ. Мені жіті оқыған адамдар, сөзімді оқып, көріп отырғандар қандай мүдделерді қорғайтынымды біледі. Ұстанымымның Ресейге еш қатысы жоқ. Өкінішке қарай, мұндай құбылыс мен этникалық орыс болғаннан кейін туындап жатыр деп айтуға мәжбүрмін. Себеп сол, – дейді ол.
Бұған дейін Никита Шаталов әлеуметтік желідегі парақшасында геосаяси тақырыпта жазба қалдырып, сол үшін сынға қалған еді. Оны ресейшіл деп айыптағандар болды. Ол сөзінде Украинаны қолдап отырған Батыс елдерін “идеалист” деп атап, Украина президентінің командасын сынаған. Оның алдында Каспий құбыры концорциумының Ресейдегі станциясына дронмен шабуыл жасалғанда Шаталов Қазақстан Украинаны жауапкершілікке шақыру керек деп мәлім еткен.