Қазақстанда көлік салығын алып тастау керек – экономист

Сырым Қаржас

Қазақстанда қазіргі көлік салығынан бас тартып, әділетті модельге көшу керек. Мұндай пікірді экономист Алмас Чукин білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Digitalbusiness.kz мәліметі бойынша, Чукин қолданыстағы жүйенің әділетсіз екеніне сенімді, өйткені ол қозғалтқыш көлеміне негізделген бекітілген сомаға сүйенеді.

Бұл салықтың мүлде мағынасы жоқ. 15 жылдық 6 литрлік Mercedes сатып алуға болады, оның нарықтағы құны төмен. Ал дәл сол уақытта 1,5 литрлік қозғалтқышы бар заманауи люкс көлік те бар. Литражға байлау – салықты костюм өлшеміне қарай белгілеумен бірдей, – деп есептейді ол.

Сонымен қатар, бұл модель көліктің нақты пайдаланылуын және жолдарға түсетін жүктемені ескермейді.

Мысал ретінде Чукин Қырғызстанды атап өтті, онда көлік салығын жанармайға салынатын акцизбен алмастырған. Енді әр литр бензиннен бір сом қосылып, ол қаражат жол қорына жіберіледі.

Бұл экономикалық тұрғыдан негізделген және қисынды шешім. Кім көп жүрсе, сол көп жанармай тұтынады және жолдарды тоздырады, демек, көбірек салық төлейді. Ал егер адам, мысалы, зейнеткер болып, көлікті сирек пайдаланса – аз төлейді. Бұл әділ әрі ашық жүйе, – деп түсіндірді сарапшы.

Бұған дейін Алмас Чукин Ұлттық қордан ауқымды қаражат алына берсе, Қазақстанды қаржылық дағдарыс күтіп тұрғанын болжаған еді.