Ішкі істер органдарының қызметкерлері Түркістан облысында экстремистік сипаттағы материалдарды таратып, діни алауыздықты қоздыруға тырысты деген айыппен күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Polisia.kz-ге сілтеме жасап.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл қызметкерлері ҰҚК-мен бірлесіп, “Мақтаарал ауданының тұрғындары құрамында бар радикалды діни топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты” деп ақпарат таратты ІІМ.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің бұл топқа радикалды діни көзқарастары бойынша біріккені анықталды. Олар әлеуметтік желілерде басқа діндегі азаматтардың қадір-қасиетін және діни сезімдерін қорлайтын сөздер жариялап отырған. Сот бұрын экстремистік деп таныған аудио және бейнематериалдарды халық арасында таратқан, - деді ІІМ-де.
Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тінту барысында 20-дан астам діни әдебиет, есірткі құралдары, оқ-дәрілер, заңсыз сақталған қару және басқа да заттай айғақтар тәркіленген. Топ жетекшілері сот санкциясымен қамауға алынған.