Англияға жұмысқа қалай баруға болады

Аян Өрібай

Бұл күнде Англияға маусымдық жұмысқа барып келгісі келетін Қазақстан азаматтарының қатары артқан. Тіпті «Англияға жұмысқа баруға көмектесеміз» деп әр адамнан миллион теңгеге дейін ақша жинайтындар да пайда болған. Алайда әркім қаласа ешкімнің ақылы қызметін пайдаланбай-ақ жұмысқа тіркелуіне мүмкіндік барын екінің бірі біле бермейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ТАБЫС ЖАЙЛЫ

Англияға баратын Қазақстан азаматтары маусымдық жұмыста айына 1 млн теңгеге дейін табыс тауып келе алады. Алайда бұл табыс егін даласындағы тұрақты жұмысқа да байланысты. Жауын-шашынға байланысты кейде ол жақта жұмыс уақытша тоқтауы да мүмкін. Азаматтар бүлдірген теріп, алма баптап, қызылша жинайтын әртүрлі жұмысқа орналаса алады.

Қазір әлеуметтік желілерде, Тик-ток мен Инстаграмда «Англияға жұмысқа баруға көмектесеміз», «үш айдың ішінде бара аласыздар» деген жарнамалар кездеседі. Бірақ бұл тегін қызметті айналдырып, ат жалынан мал тауып жүргендердің әрекеті екенін ескеру керек. Тіпті жүздеген мың ақшасын беріп, Англияға жете алмай, ауылында жатқандар да бар.

ҚАЛАЙ ТІРКЕЛУ КЕРЕК

Ұлыбританияға аграрлық жұмысқа баруды жоспарлап жүрсеңіз, мұны сізге рекрутиң агенттіктері ұйымдастырып береді. Олар қызметі үшін ақы алмайды, себебі олардың жұмысын Ұлыбритания үкіметі қаржыландырады.

Ресми рекрутиң агенттіктер тізімі:

  • Аgropraktika.eu
  • AGRI-HR (agri-hr.com)
  • Concordia IIC (infoworld.com.ua)
  • Concordia барлық серіктестіктері (concordiavolunteers.org.uk)
  • Fruitful Jobs (Osrodek HR) (osrodek-hr.com)
  •  GDA SERVICES (dgidieysarbisis.com)

Егер бірден бірнеше сайтқа тіркелсеңіз, бұл жұмысқа орналасу мүмкіндігіңізді арттырады. Құжаттарыңызды толық дайындап, талаптарға сай екеніңізге көз жеткізіп алу керек. Міндетті түрде шетелдік паспорт, сотталмағаны туралы анықтама, 3×4 өлшеміндегі фото, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдарда есепте тұрмайтыны туралы анықтама, түйіндеме болуы керек. Агенттіктерге қалай тіркелуге болатынын youtube-арналардағы роликтер арқылы көруге болады.

Жоғарыда аталған рекрутиң агенттіктердің кейбірі Украина, кейбірі Литва елдерінде орналасқан. Олар жұмыс істегісі келетін азаматтармен онлайн және офлайн режимде тілдеседі. Мәселен, AGRI-HR агенттігінің Астана мен Алматыда кеңсесі бар. Олар жұмысқа ниетті азаматтармен тікелей кездеседі. Осы ресми агенттіктердің атын жамылып, «сіз жұмысқа қабылдандыңыз» деп, азаматтарға хабарлама жіберіп, ақша тауып жүргендер де бар. Сол үшін ресми агенттіктердің сайттарына кіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркеліп, сол жақтан шынайы ақпарат алып отырған абзал.

АРЫ ҚАРАЙ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Осы сайттарға тіркеліп, өзініңіздің байланыс нөміріңізді, электронды пошта немесе Метадағы парақшаларыңыздың мекенжайын қалдырасыз. Агенттіктің азаматтары сіздермен байланысқа шығып, сөйлеседі. Жұмысқа баруға қаншалықты ниетті екеніңізді тексереді. Қазіргі жұмыс орныңыздағы азаматтармен тілдесіп, сіз жайлы сұрайды. Бір сөзбен айтқанда, жауапты жұмыскер екеніңізге барынша көз жеткізіп алуға тырысады. Осы процедуралардың бәрі өтсеңіз, сізді Англияға шақырады.