Volkswagen Group концернінің құрамына кіретін Германияның Audi автомобиль ежасау компаниясы, 2029 жылға дейін елде 7500 жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
AUDI ГЕРМАНИЯДА 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 7500 ЖҰМЫС ОРНЫН ҚЫСҚАРТАДЫ
Бұл туралы 17 наурызда Audi медиаорталығы хабарлады. Қысқартулар өнім шығарумен тікелей байланысты емес "қосалқы салаларда" жүзеге асырылмақ. Компания өкілдері бұл шара неміс зауыттарының "болашақта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге" бағытталғанын және өнім шығару "өнімділігін, жылдамдығы мен икемділігін" айтарлықтай арттыруға әкелуі тиіс екенін мәлімдеді. Audi бюрократияны азайтуға және цифрландыруды ілгерілетуге ниетті екенін атап өтті.
ГЕРМАНИЯДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ
Audi концерні 2029 жылға дейін Германиядағы кәсіпорындарға, әсіресе Мюнхен мен Штутгарт маңындағы зауыттарға шамамен 8 млрд еуро инвестиция құюды жоспарлап отыр. Dpa агенттігінің бағалауы бойынша, штат қысқартулары компанияға орта мерзімді перспективада жыл сайын 1 млрд еуродан астам үнемдеуге көмектесуі мүмкін.
Audi басшылығы мен қызметкерлердің мүдделерін қорғайтын жалпы өндірістік кеңес үнемдеу жоспары бойынша ұзақ уақыт дауласқанымен, енді концепцияны мақұлдады. Кеңес төрағасы Йорг Шлагбауэр (Jörg Schlagbauer) бастапқыда жұмыс беруші 12 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлағанын мәлімдеді.
ГЕРМАНИЯ АВТОӨНЕРКӘСІБІ ҚИЫН КЕЗЕҢДІ БАСЫНАН ӨТКЕРУДЕ
Бұған дейін немістің Volkswagen автоконцерні Audi-дің Бельгиядағы еншілес кәсіпорнында өндірісті тоқтататынын хабарлаған болатын.
Audi AG Volkswagen концернінің құрамына кіреді және өз кезегінде екі итальяндық компанияға иелік етеді: Lamborghini суперкарларын және Ducati мотоциклдерін шығаратын компаниялар.
Германия автоөнеркәсібі қиын кезеңді бастан өткеруде, оның негізгі мәселесі Қытаймен байланысты. Соңғы онжылдықта барлық жетекші неміс автокөлік өндірушілері ҚХР-ды өздерінің басты нарығына айналдырған болатын. Алайда қазір, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан электромобильдер сегментінде жергілікті өндірушілермен бәсекелестік күрт күшейгендіктен, сатылым төмендеп, шығынға ұшырауда.