Киев билігі Ресей және АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың телефон арқылы жүргізетін келіссөздерінің ықтимал нәтижелеріне пессимистік баға беріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
The New York Times (NYT) жазуынша, Украина президентінің кеңсесі Вашиңтонның Ресейдің “Новороссия” аумағына қатысты талаптарын қолдауы мүмкін екеніне алаңдаулы.
Әсіресе, Киев шенеуніктерін Одессаның Ресей бақылауына өту ықтималдығы қатты мазалап отыр. Бұл жағдай Украина үшін теңізге шығу мүмкіндігінен толық айырылу қаупін туғызады.
Трамп өзінің сейсенбіге жоспарланған Путинмен телефон арқылы сөйлесуі негізінен Ресейдің Украинамен атысты тоқтату жағдайында қандай аумақтар мен активтерді өзінде сақтап қалатынына арналатынын аңғартты, – делінген мақалада.
Агенттіктің бағалауынша, Ресей Украинадағы қазіргі бақылауындағы аумақтардың басым бөлігін өз иелігінде сақтап қалуы мүмкін. Сонымен қатар, Трамп пен Путин бұл мәселеде Еуропа елдерінің пікірін ескеруді қажет деп санамайтын сияқты.
ТРАМП ПЕН ПУТИН БҮГІН СӨЙЛЕСЕДІ
Трамп пен Путин бүгін телефон арқылы Украина мәселесін талқылайды. АҚШ пен Ресей президенті Дональд Трамп пен Владимир Путин сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұл байланыс – Трамптың АҚШ-тың 47-президенті ретінде инаугурациясынан кейінгі екінші ресми әңгімесі болмақ. Сонымен қатар, ол Қырымды Ресейдің басып алуының он бір жылдығымен тұспа-тұс келеді.
ӘҢГІМЕ НЕ ЖАЙЛЫ
Президенттердің сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесуді жоспарлағанын алғаш болып Дональд Трамп хабарлады. АҚШ президенті бұл әңгіме барысында территориялар мен атом электр станцияларын бақылау мәселесін көтеруді көздеп отырғанын айтты. Кремль де осындай байланыс орнату жоспарын растады, алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әңгіме тақырыптарын ашып көрсетпеді. Ол тек бұл келіссөздердің негізінен Украина дағдарысын реттеу мәселесіне арналатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Песков телефон арқылы сөйлесудің Ресей мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастарды жандандырудағы маңызды қадам екенін және оның болашақ келіссөздерге бағыт беретінін айтты.
12 АҚПАНДА СӨЙЛЕСКЕН
Бұған дейін 12 ақпанда Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме шамамен бір жарым сағатқа созылған. Келіссөздер барысында екі ел азаматтарын алмасу, Украинадағы жағдайды реттеу, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы және екіжақты экономикалық байланыстар секілді мәселелер талқыланған. Сондай-ақ, тараптар жеке кездесуді ұйымдастыруды қоса алғанда, тікелей байланыстарды жалғастыруға уағдаласқан.