Астаналық хирург лифтте пышақпен беті тілінген баланың жағдайы туралы айтты. Елорданың денсаулық сақтау басқармасы да баланың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Хирург Жандос Ахнаев лифтте пышақпен жарақат алған баланы ауруханадан шыққанын хабарлады.
- Қазіргі уақытта оның жағдайы салыстырмалы түрде жақсы, бірақ өкінішке қарай, бетінде жарақаттан кейін неврологиялық өзгерістер байқалады: сол жақ көзі толық жабылмай қалды және аузының төмен түсуі байқалады. Қазір бала реабилитациядан өтуде, деп мәлімдеді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, жантүршігерлік жайт 11 ақпанда болған. Жәбірленуші бала небәрі 5 жаста. Лифт ішінде пышақпен балаға шабуыл жасаған адам – психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, олар «баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады». Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.