Былық пен тоқырау: спорт мектебінде бір адам директор болып 28 жыл отырған

Аян Өрібай

Сенатта бірінші оқылымда дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖАРАСБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзінше, құжат аясында спорт мектептері басшыларын ротациялау – яғни жүйелі түрде ауыстырып отыру тәртібі алғаш рет енгізілмек.

Бұл тәсіл бұған дейін мүлде қолданылмаған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, министрлік жанынан құрылған республикалық комиссия бірнеше аймақты аралап, жергілікті спорт мекемелерінің ахуалын зерттеді. Сонда анықталған ең басты мәселе – ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз отырған басшылық, – деді ол.

Жарасбаевтың айтуынша, кейбір өңірлерде бір директор 20 жылдан астам уақыт бойы лауазымын өзгертпей отырған. Тіпті бір аймақта спорт мектебінің директоры 28 жыл бойы қызметінен қозғалмаған. Алайда бұл уақыт ішінде спорт саласында айтарлықтай жетістік те, серпіліс те болмаған.

Әкімдер мен спорт басқармасының жетекшілері ауысып отырады. Бірақ мектеп директорлары жылдар бойы орнында қала берген. Бұл тоқырауға алып келеді. Сондықтан болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін оқу-ағарту министрлігі енгізген үлгі бойынша спорт саласына да ротация ережесін енгізіп жатырмыз, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде бар болғаны 521 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар. Енді олардың басшыларына нақты талаптар қойылады.

Әрбір директорға KPI көрсеткіштері бекітіледі. Яғни жұмыс нәтижесімен дәлелденбесе, лауазымында қала алмайды, – деп түйіндеді Жарасбаев.

ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ

Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бірнеше маңызды өзгерістерді қамтиды. Заң жобасы бойынша, шетелдік спортшыларды қаржыландыруға тыйым салу, Қазақстан азаматы емес спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға шектеу енгізу көзделеді. Спорттың басым түрлерін айқындау: Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері жоғары жетістіктер спорт түрлері ретінде қарастырылады. Медаль алған спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылып, бірінші кезекте қаржыландырылады. ​Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші ұғымы енгізіледі.