Кәсіпкер Шынар Бұғымбаева премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӘСІПКЕР НЕ ДЕЙДІ
Шынар Бұғымбаева кәсіпкерлер жаңа салық кодексіне, 16% мөлшерлеме мен 40 миллиондық шекке ендігі көндігіп те қойғандай дейді.
- Алайда министрдің сөзі мені түрлі ойға жетелейді, біздің үкіметіміз халықтан, ел экономикасын көтеріп, халықты қолдап тұрған кәсіпкерлерден тым алшақ сияқты әсер қалдырды. Салық жүктемесін көтеріп, жұмыс орнын беріп отырған, күні-түні қайтсек клиенттердің қажетін өтейміз деп жүрген, қызметкерлерін ынталандыру, салық төлеу, жалдау ақысын табу сияқты ауыртпалықтың бәрін қайыспай көтеріп келе жатқан кәсіпкерлер туралы осылай айтуға бола ма?, дейді кәсіпкер.
“БИЗНЕСІМ – ТҰҢҒЫШ БАЛАМ”
Бұғымбаева кәсіп саласында жүргеніне 29 жыл болғанын атап өтті.
- Менің осы бизнесті жүргізіп келе жатқаныма биыл 29 жыл болды. «Қағанат» – қоғамдық тамақтану саласындағы алғашқы отандық бренд, асханалар сегментінде табысы төмен екеніне қарамай, осы күнге дейін қызмет етіп келе жатса, ол менің қызметкерлерді, соның ішінде негізінен алыстан қатынап істейтін көпбалалы аналарды жұмыстан шығара алмауымнан, бизнесім тұңғыш бала сияқты болғандықтан, оны құрдымға жібере алмайтынымнан дер едім, дейді кәсіпкер.
ЖҰМАНҒАРИНГЕ СҰРАҚ
Ол Жұманғаринге сұрақ қойды.
- Вице-премьерге сұрағым бар: кемінде мың адамды жұмыспен қамтып, олар үшін салық төлей алар ма едіңіз? Пандемия кезінде де сонша адамды далаға тастамай, ары қарайғы жағдайын ойластырар ма едіңіз? Үкімет осы шешімді қабылдағаннан кейін еліміздің ахуалы мен салық төлеушілердің жағдайы қалай боларын ойласа деймін. Үкіметтің ел үшін жаны ауырса екен, халықты, соның ішінде бірінші кезекте аналар мен балаларды ойласа екен деймін, өйткені біздің болашағымыз солар!,дейді кәсіпкер.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 9 сәуірде парламентте жаңа салық кодексі жобасы бірінші оқылымда қаралды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көтеру ұсынылатынын мәлімдеді.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін 40 миллион теңге көлемінде белгілеу көзделіп отыр.