Қазақстанның бас прокуратурасы Дина Таңсәрінің ісіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
14 сәуірде Черногорияда Қазақстан Республикасының азаматы Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) ұсталды. Бас прокуратура мәліметінше, ол белгісіз тұлғалар тобымен бірлесе отырып, көптеген адамдардың сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен Қазақстан азаматтарының қаражатын иемденді деген күдікке ілінді.
АЛТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Бүгінде Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері Динара Смайыловаға (Дина Таңсәрі) қатысты алты қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар:
көрінеу жалған ақпарат тарату,
жеке өмірге қолсұғушылық,
екі эпизод бойынша – алаяқтық.
СУИЦИД ТУРАЛЫ ЖАЗБА
ШҚО полиция департаменті тергеп жатқан қылмыстық істің дерегі бойынша:
2023 жылдың сәуір айында Смайылова Өскеменде кәмелетке толмаған қыздың суицид жасағаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Артынша, марқұмның отбасына көңіл айту жазбаларын жариялап, жәбірленушіге адвокат жалдау үшін халықтан қаражат жинай бастаған.
- Алайда шындығында суицид болмаған, тек қыз жәбірленуші ретінде танылған бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған. Осыған қарамастан, Смайылова адвокатқа ақша жинауды жалғастырып, 20 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Бұл соманың тек аз бөлігі жол жүру шығындарына жұмсалған, делінген прокуратураның жауабында.
Сотта адвокаттың қызметі жәбірленуші тараптың өзі төлегені анықталып, айыпталушының қорғаушылары наразылық білдіріп, қарсы талап түсірген.
ЕКІНШІ ЭПИЗОД
Алматы облысы полиция департаменті тергеп жатқан екінші алаяқтық ісі бойынша, Смайылова жасөспірімге жасалған зорлық фактісі туралы жалған пост жариялап, жұртты Kaspi банк картасына ақша аударуға шақырған.
- Карта оның күйеуінің атына тіркелген. Тергеу кезінде зорлық фактісі расталмаған, бірақ бірнеше миллион теңге жиналғаны банктік деректер арқылы анықталған, делінген хабарламада.
ЗАҢСЫЗ АҚША ЖИНАУ
Бас прокуратураның мәліметінше, соттың санкциясымен алынған банктік мәліметтерге сәйкес, Смайылова "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заң талаптарын бұза отырып, қайырымдылыққа жиналған қаржыны күйеуінің жеке картасына аудартып отырған.
- Қор қаражатын жеке мақсатта жұмсаған, оның ішінде шетелде жүрген кезде де пайдаланған. «НеМолчи» қорының құрылтайшысы ретінде Динара Смайылова Instagram желісіндегі «nemolchikz_official» парақшасында тұрмыстық және жыныстық зорлық көрген жандарға көмектесемін деп, жалған ақпарат таратып отырған. Жеті азамат полицияға шағым түсіріп, алаяқтық жолмен ақшаларын иемденгені жөнінде шара қабылдауды сұраған, дейді прокуратура өкілдері.
Смайылованың әрекеті ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы – «аса ірі мөлшердегі бірнеше мәрте жасалған алаяқтық» деп сырттай сараланған. Тергеу соты оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Осыдан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланды.
ИНТЕРПОЛ
Қазақстан ІІМ Интерполы Смайылованың Черногорияда жүргенін анықтаған. Осыған байланысты Бас прокуратура Черногорияға экстрадиция сұрап ресми сұрау жолдаған. Алайда, Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім болмағандықтан, бұл ел Смайылованы қайтарудан бас тартты.
- Сот шешіміне қарамастан, Қазақстан құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жұмысты жалғастырады. Тергеу мүддесі үшін ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды, делінген хабарламада.