Қазақстанда ұлтты анықтау тәртібі Конституцияға сай емес деп танылды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Конституциялық соты ұлтты анықтауға қатысты норманы Конституцияға сәйкес келмейді деп шешті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ

Конституциялық сотқа азаматтардың бірі жүгінген. Ол қамқорлығындағы баланың ұлтын ресми түрде көрсеткісі келген. Алайда баланың ата-анасы туралы ешқандай мәлімет болмағандықтан, соттар баланың ұлтын анықтау мүмкін емес деген шешімге келген.

Шағымданушы бұл шешім Конституцияға қайшы деп есептейді. Өйткені Ата заңда әр адам өз ұлтын анықтауға немесе көрсетпеуге құқылы екені нақты жазылған.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ НЕ ДЕДІ

Сот ата-анасының ұлтына негізделген тәсілдің басым екенін мойындай отырып, мұндай тәсіл кей жағдайларда мүмкін емес екенін атап өтті. Сонымен қатар, адамның белгілі бір ұлтқа жатқысы келуі жеткіліксіз, ол заңмен нақты негізделуі тиіс.

Нәтижесінде, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі тек ата-анасы арқылы ғана ұлтты анықтау тәртібі Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Енді заңнамаға ұлтты анықтаудың балама жолдарын енгізу қажет.