Бас прокуратура Жамбыл облысындағы экс-прокурордың мәлімдемесінен кейін тексеріс жүргізілетінін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
БАС ПРОКУРАТУРА ҚАНДАЙ АҚПАРАТ ТАРАТТЫ
Құзырлы орган Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті қызметкерінің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралған бейнежолдау жөнінде мынадай ақпарат таратты.
Бас прокурордың тапсырмасы бойынша айтылған уәждерді тексеру үшін Жамбыл облысына Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаменті мен тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары кіретін жұмыс тобы жіберілді, – делінген хабарламада.
ПРОКУРОРДЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Әлеуметтік желі арқылы бұған дейін Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің қызметкері әділдік орнатуды сұрап, видеоүндеу жолдаған еді.
Мен, Әлия Қожабекова Жамбыл облысы бойынша комитет департаментінің қызметкерімін. Бұл құрылымда бірыңғай тергеу тізілімінен деректерді жою – үйреншікті жағдайға айналған. Бұл үшін кінәлілер жауапқа тартылмайды немесе тек көзбояушылық үшін ғана жазаланады. Ал мен секілді жазықсыздар құқық қорғау жүйесінің құрбанына айналады, – деді форма киген әйел өз үндеуінде.
Әлия Қожабекованың айтуынша, 2013 жылы демалыста жүрген кезінде департаменттің кей қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар туралы мәліметтерді база жүйесінен өшіріп тастаған. Мақсат – соттылық деректерін жасыру болған. Ол жұмысына қайта оралғанда тексеріс басталып, бар кінә Қожабековаға артылған. Соның салдарынан ол бөлім басшысы қызметінен босатылған. Содан бері оған қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, балаларымен бірге өзге аудандарға қайта-қайта жіберіп отырған.
11 жылдан соң Қожабекова департаментке қайта оралып, қылмыстық-құқықтық статистика бөліміне жұмысқа орналасады. Сол жерде де БТТ базасынан деректерді бірнеше мәрте жою және өзгерту фактілерін анықтаған. Бұл туралы басшы атына рапорт жазғанымен, оның айтуынша, барлық кінәлілер жауапқа тартылмаған, ал қылмыстық іс мүлде қозғалмаған. Қазір Қожабекованың өзіне қысым жасалып, тағы да жұмыс істеуге кедергі келтіріліп отыр. Ол қызметінен босатылған. Қожабекова тиісті шара қабылдауды, әділдікті қалпына келтіруді, бұрынғы барлық өтініштерін қайта көтеріп, тексерісті құзыретті тұлғалар жүргізуін сұрап отыр.