Ресей тарихшысын Қазақстанға кіргізбей қойған: себебі неде

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Ресей тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Грозин Қазақстанға кіре алмай қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РБК таратқан мәліметке сәйкес, Грозин – ТМД елдері институтының Қазақстан және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі. Ол Астанаға бірқатар іс-шараларға қатысу үшін келмек болған. Алайда 27 сәуір күні Астанадағы паспорттық бақылау кезінде Грозинге Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеген. Шектеудің себебі түсіндірілмеген. Сөйтіп, тарихшы Мәскеуге қайтып оралған.

ТМД елдері институтының директоры, мемлекеттік дума депутаты Константин Затулин бұл жағдайға пікір білдіріп, шекарада Қазақстан өкілдерінің "екұшты, қонақжай емес әрекеттері әдетке айналып бара жатқанын" атап өткен.

ЫҚТИМАЛ СЕБЕБІ НЕДЕ

Андрей Грозинге Қазақстанға кіруге тыйым салынуына байланысты ел билігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен, саясаттанушы Марат Шибұтов Telegram-арнада мұндай шешім Ресей тарапынан қазақстандық ғалымдарға елге кіруге салынған жаппай тыйымға жауап болуы мүмкін екенін жазды.

«Бұған дейін мен ресейлік тарихшылармен бірлескен топта жұмыс істеген қазақстандық ғалымдардың түгелге жуығына (бір адамнан басқасына) 2022-2023 жылдары Ресейге кіруге тыйым салынғанын жазғанмын. Бұл – еліміздің барлық ғылыми элитасы: институт директорлары, ғылым докторлары мен академиктер. Олардың бәріне Ресейге баруға рұқсат жоқ. Бір тарихшымыз тіпті Шереметьевода заңсыз мигранттармен бірге бір тәулік отырып, елшілік көмектескен соң ғана елге қайтқан. Бұдан бөлек, бірқатар депутат пен өзге де саясаткерлерге де тыйым салынды», — дейді Шибұтов.

Оның айтуынша, бұл мәселеге байланысты Қазақстанның мемлекеттік органдары ресейлік әріптестеріне жүгінген, алайда «түсіністік болмаған».