Министрлік балалар көп көріп жүрген видео қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті "Тралалело Тралала", "Бомбардиро Крокодило" атты видеоларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ВИДЕОЛАРДЫҢ ӘСЕРІ

Комитет интернет кеңістігінде сырт көзге балаларға арналған контент ретінде көрінетін, алайда мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар мультфильмдердің таралуына алаңдаушылық білдірді. Комитет мәліметінше, мұндай видеолар арқылы балаларға адамгершілік құндылықтарға кері әсер етіп қана қоймай, агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуына да ықпал етуі мүмкін бұрмаланған ақпараттар ұсынылуда. 

- Қазіргі таңда ақпараттық кеңістікте айтарлықтай өзгерістер орын алуда: жаңа платформалар пайда болып, ақпарат тарату форматы да өзгеріп келеді. Бұл жағдай, әсіресе балалардың психоэмоционалдық саулығы үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Осыған байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазіргі цифрлық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындауда. Аталған ұсыныстар тиісті шаралар қабылдау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жолданды, дейді комитет өкілдері. 

АТА-АНАЛАРҒА ҚҰЛАҚҚАҒЫС

Комитеттегілер балалардың әлеуметтік желілерде қандай контент көріп жүргеніне, кімдермен қарым-қатынаста екеніне және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аудару керегін ескертті.

- Баламен үнемі ашық сөйлесіп, оның сыни ойлау қабілетін дамытыңыз және зиянды ақпаратқа қарсы тұра алатындай дағдыларды қалыптастырыңыз. Егер күмәнді немесе күдікті контентті байқасаңыз — бұл туралы бірден құзырлы органдарға хабарлаңыз. Саналы ата-ана ретінде балаңыздың өміріне белсенді араласуыңыз — оның цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігінің басты кепілі, делінген хабарламада.