Данат Намазбаев жақында мерзімінен бұрын түрмеден шығуы керек – Бапи

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кезінде белсенді Марғұлан Боранбаймен бірге сотталған Данат Намазбаев та жақында бостандыққа шығуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАПИ НЕ ДЕЙДІ

Күні кеше Ермұрат Бапи Марғұлан Боранбайдың бостандыққа шыққанын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көрсеткен еді. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі Данат Намазбаев жөнінде депутатқа сұрақ қойды.

Данат Намазбаев жайлы мен бірнеше рет мәселе көтеріп, мемлекеттік органдарға шықтым. Оның бес баласы, жалғыз анасы бар. Оны соттаған кезде Марғұланға (Боранбаев) қосақтап жіберген ғой. Мұны ОПГ қылу үшін істеген. Ал Данаттың ешқандай кінәсі жоқ. Фейсбукте бір-екі постты бөліскені үшін ғана соттаған. Сондай саясат болды. Сондай бір саясаттың ығыны кетіп қалды да қамалды. Ал негізінде Данат жақында УДО-мен шығу керек. Ол екі рет УДО-ға өтініш берген. Екі ретінде де өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған, – дейді Ермұрат Бапи мәжіліс кулуарында.

БЕЛСЕНДІ ЖАЙЛЫ

2022 жылы наурызда Алматы соты "билікті басып алуға жария түрде үндеді" деп айыпталған Данат Намазбаевты бес жылға соттаған еді. Сот ақпаратында Намазбаев "2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақтарында ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған" деп жазылған. Істің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныған.

Ал Боранбайдың айыпталуына әлеуметтік желілердегі жазбалары себеп болды. Ол ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне қарсы пікір білдіріп, Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алған. Сондай-ақ, Ресеймен интеграциялық байланыстардың күшеюіне қарсы шыққан.