Министрлік БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баратын туристерге аса сақ болуды ескертті

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі туристерден сапарларын мұқият жоспарлауды, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне бару кезінде аса сақ болуды сұрап отыр, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты хабарламасына сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынды. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.

Аталған ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк, сондай-ақ техникалық рейстеріне қатысты.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз. Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынады, – делінген хабарламада.

Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланысып отырғанын атап өтті. Қажет болған жағдайда министрлік Туристік Қамқормен және әуекомпаниялармен бірлесіп туристерді елге қайтарады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери қақтығысқа байланысты осы аймақтағы алты елдің үстімен ұшуға тыйым салды. Бұл шешім барлық қазақстандық әуе тасымалдаушыларына қатысты.