Министр Қазақстанда еттің қымбат болуына делдалдарды кінәлады

Сырым Қаржас
istock

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы ет бағасының қымбат болуына делдалдар кінәлі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үкіметтегі брифингте журналистер Ауыл шаруашылығы министрінен ет бағасының өсуіне қатысты пікірін сұрады. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жалпы алғанда, Қазақстанда ет бағасы Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда шамамен екі есе арзан күйінде қалып отыр. Дегенмен министр жекелеген делдалдардың бағаны қолдан көтеруі мүмкін екенін жоққа шығармады.

– Бұл – делдалдардың көтеруі. Бұны бақылау оңай емес. Бұл – өте күрделі жұмыс, ал фермерлер үй шаруашылықтарынан етті өте арзан бағаға сатпайды. Қазақстан үшін 3,5 мың теңге болса да – бұл қалыпты баға. Біз көріп отырмыз, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда 6 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ бізде ет жеткілікті. Ет жеткілікті. Сауда департаменті делдалдар бойынша жұмыс істеуі керек, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан жыл сайынғы ет экспортын 50 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.