Қырғызстан, Ресей, Армениядан келген көліктерге бензинді қымбатқа сату керек - сарапшы

Аян Өрібай

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов ел ішіндегі жанар-жағармайдың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін не істеу керектігі жөнінде ұсыныстарын бөлісті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Қыркүйек және қазан айларында елге жетпей қалған дизельдік отынды импорттау керек. Бұл шешім бұрын да қабылданған. Алайда қазір жанар-жағармай жағынан бағалардың айырмасы 70-100 теңге аралығында. Әрине, шығынға батып, ол жақтан ешкім қымбатқа алып келгісі келмейді. Екіншіден, дизельдік отын мен бензинді шет елдік жеңіл және ауыр жүк көліктерге ішкі нарықтан қарағанда қымбатқа сату! Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, резиденттер үшін тауарлар резиденттер емес қатардағы адамдарға қымбатқа сатылады. Дәл осындай жағдайды Қазақстанда жүретін автокөліктерге де қатысты қабылдауға болады. Қырғызстан, Ресей, Арменияда тіркелген жеңіл көліктерге, транзитпен өтетін жүк көліктеріне де осы шараны қабылдауға болады. Себебі аталған елдерде дизель отынының бағасы 70, 100, тіпті 170 теңгеге дейін қымбат. Бұл логикаға саяды», - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бір қолға дизельдік отынды сатуда лимит бекіту керек. Кейбір өңірлерде қазір бұл шектеу енгізіле де бастаған.