Қазақстанда 34 блогер онлайн казиноны жарнамалап жүрген - тізім

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Жыл басынан бері қазақстандық 34 блогер онлайн-ойындарды жарнамалаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЛОГЕРЛЕР

Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар.

ЖАЗА

Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды. Көпшілігі заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзады.

БІРНЕШЕ РЕТ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАНДАР

Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды.

600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді.

ЖАРНАМАҒА ҚАНША ТЕҢГЕДЕН АЛҒАН

Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған.

Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.

ҚЫЗДАР ДА БАР

ҚМА мәліметінше, бұл істе қыздар да белсенді. 

Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.

ҚМА ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНБАҚ

Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті.

Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.

ҮНДЕУ

- Блогерлерге үндеу: жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заңды қатаң сақтауы тиіс. Агенттік заңсыз ойындарды насихаттаудан бас тартып, адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады, дейді ҚМА өкілдері.