Блогерлердің табысы тәркіленуі мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Әлеуметтік желілерде күмәнді жарнама мен жалған ұтыстар көбейгендіктен, Сенатта блогерлерді қатаң бақылауға алу ұсынылды. Депутат Геннадий Шиповских жарнамалық қызмет үшін арнайы реестр енгізіп, блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді қолдайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда ең үлкен қауіп – онлайн-казино жарнамасы. Соңғы екі жарым жылда 205 астыртын казино жабылып, 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал тек биылдың өзінде 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталғанымен, заңсыз ойын бизнесі «айна сайттар» арқылы қайта шығып жатыр. Биыл 34 блогер онлайн-казино жарнамалағаны анықталды. Жалған гивтар мен өтірік курстар бүгінде әлеуметтік желілерде жиі кездесетін алдау тәсілдерінің біріне айналған. 

- Қазіргі уақытта заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды ұсынамыз. Әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізу керек. Заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізу керек, - деді Геннадий Шиповских.

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік желілер кеңістігінде кейбір блогерлердің заңсыз жеңіл ақша табу үрдісі күрт көбейіп кетті.

- Әсіресе, олардың онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде, - деді Геннадий Шиповских.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ 

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, 11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол қандай жағдайда қылмыстық жаза тағайындалатынын түсіндірді. 

- Қалғандары бойынша қаралып жатыр. Егер блогер өз қызметінде осы казиноларды ұйымдастыруға қатысса, не пайданы бөлуге араласса, немесе басқа жолмен қылмысқа қатысы бар болса, олар сыбайлас ретінде жауапқа тартылады. Ал жарнамаға келетін болсақ, ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Біз заңды қатаңдату бастамасымен шығып отырмыз. Қаржы пирамидаларын жарнамалау бойынша қолданылатын шараларға ұқсас, онлайн-казино жарнамасын қылмыс ретінде қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы біз қазірдің өзінде көтердік, – деді ол.

Ведомство өкілдері онлайн казино жарнамасын қылмыстық жауапкершілікке енгізуді және блогерлердің заңсыз табысын тәркілеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін онлайн казиноны жарнамалап жүрген 34 блогердің тізімі жария болды. Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар.

Автор: Динара Жарқынбек