Ауғанстанның сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттаки көрші елдерге 2021 жылы бұрынғы үкімет құлағаннан кейін шығарылған әскери тікұшақтарды қайтару жөнінде талап қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Біз төрт жыл бұрын саяси оқиғаларға байланысты біздің бірқатар тікұшақтарымызды алып, көрші мемлекеттерге берген елдерден сол әуе техникасын ауған халқының игілігіне қайтаруды сұраймыз. Олар гуманитарлық мақсатта қолданылуға тиіс, – деді Муттаки Кабулда дипломаттар мен халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесу барысында.
Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастықты Ауғанстанға қарсы санкцияларды алып тастауға шақырды. Оның айтуынша, банктік шектеулер шетелдегі ауған азаматтарының өз отбасына ақша аударуына кедергі келтіріп жатыр.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 2021 жылғы тамызда «Талибан» билікке келгеннен кейін ауған ұшқыштарының бір бөлігі әскери әуе техникасын шекарадан тыс алып шыққан еді. Voice of America дерегінше, Өзбекстанға 22 ұшақ пен 24 тікұшақ, ал Тәжікстанға шамамен 17-18 бірлік техника жеткізілген.
Бұған дейін БАҚ-та Өзбекстанның Ауғанстанға 57 тікұшақ беруге келісім бергені туралы ақпарат тараған. Алайда Өзбекстан СІМ ресми өкілі Ахрор Бурханов бұл мәліметті жоққа шығарды.