Әрбір 220-шы қазақстандық ресми түрде таксист

Сырым Қаржас
pixabay.com

1 қыркүйекке қарай Қазақстанда ресми тіркелген таксист-ЖК саны 93,8 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп, ал 1 тамыздан бері өсім тағы 6,1% болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жылда көрсеткіш ай сайын шамамен 12%-ға ұлғайып отырған. Соның нәтижесінде ресми тасымалданған жолаушылар саны да артты: тек тамыз айында олардың көрсеткіші 16,2 мың адамға жетіп, бір жылда төрт есеге жуық көбейді.

ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Мұндай серпін 2023 жылдың соңында платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаның іске қосылуымен байланысты. Оның алғашқы серіктесі Яндекс компаниясы болды. Жоба шарты бойынша жүргізушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс еді. Есесіне жеңілдіктер ұсынылды: салық мөлшерлемелерінің төмендеуі және төлемдердің жеңілдетілген тәртібі.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап бұл өзгерістер заң жүзінде бекітілді. Сондай-ақ агрегаторлар ресми түрде салық агенттері ретінде танылды. Бұдан бөлек, тіркелген таксист-кәсіпкерлер платформалардан қосымша бонустар ала бастады. Мұның бәрі такси саласында ресми кәсіпкерлер санының күрт өсуіне ықпал етті. Бүгінде шамамен әрбір 220-шы қазақстандықтың өз такси жеке кәсібі бар деуге болады.

АЙТА КЕТЕЙІК

Қазақстандықтарға ресми тіркелмей-ақ көбірек табыс табуға рұқсат етілген. Егер адам өзі үшін жұмыс істесе, жеке кәсіпкер ашпай-ақ, жай ғана 270-нысан арқылы жеке табыс салығын (ЖТС) төлей алады.