Трамп аутизмді парацетамолмен байланыстырды: дәрігерлер не дейді?

Сырым Қаржас
Daily Mail

Әлемдік медицина сарапшылары Трамптың вакцина мен парацетамол туралы пікірін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

22 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп жүкті әйелдерге ацетаминофеннен (АҚШ-та Tylenol атауымен белгілі парацетамол) бас тартуға кеңес беріп, ата-аналарды балаларға вакцина салдыруда сақ болуға шақырды. Сондай-ақ ол «нәрестелерді тым көп дәрілермен жүктеудің қажеті жоқ» деген пікір айтты.

Бұл сөздер әлем бойынша қатты сынға ұшырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) парацетамолдың аутизмге ықпалы туралы ешқандай ғылыми дәлелдің жоқ екенін, ал вакцинация миллиондаған адамның өмірін сақтап қалатынын атап өтті.

– Вакциналар аутизм тудырмайды, – деді ДДҰ өкілі Тарик Яшаревич.

ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖАУАБЫ

Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Уэс Стритинг те Трамптың сөздеріне назар аудармауға шақырды. Оның айтуынша, жүктілік кезінде парацетамол қабылдау аутизмге себеп болады деген дерек жоқ.

Ұлыбритания дәрігерлері мен жергілікті реттеуші MHRA да осы ұстанымды қолдап, ауырсыну мен қызуды емдеуден бас тарту ана мен балаға қауіпті екенін еске салды.

ЕУРОПА МЕН ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі барлық қолжетімді деректерді талдап, парацетамолдың зияны дәлелденбегенін мәлімдеді. Испания мен Аустралия да Трампты ғылымды жоққа шығарды және жалған ақпарат таратты деп айыптады.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-та аутизм диагноздарының көбеюі дәрілерге немесе вакциналарға емес, диагностика критерийлерінің кеңеюіне және қоғамның хабардар болуына байланысты.

ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ

Дегенмен Трамп 2025 жылғы зерттеулер шолуына сілтеме жасауды жалғастыруда. Ол еңбекте парацетамол мен жүйке дамуы арасында мүмкін байланыс айтылған. Бірақ ғалымдардың өздері-ақ: себеп-салдарлық байланыс дәлелденбегенін баса көрсеткен.