"Жеке мәселе". Әлназарова Valentino туфлиі туралы сұраққа жауап бермеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танымал брендтердің аяқ киім жинағына қатысты қойылған сұраққа жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары министрдің қымбат сән үлгілеріне сын айтып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері ескі форма киіп жүргенде, ведомство басшысының қымбат киім үлгілерін көрсетуі орынсыз екенін атап өткен еді.

Қазнет қолданушылары министрдің кем дегенде бір жұп Valentino маркалы туфли кигенін анықтаған.

“ЖЕКЕ МӘСЕЛЕ”

Ulysmedia тілшісі бұл сұрақты үкімет брифингі кезінде қойған. Алайда Ақмарал Әлназарова жауап беруден бас тартты, ал модератор сұрақты «жеке мәселе» деп алып тастады.

Айта кетейік, бүгін министр жиынға қою жасыл түсті, өкшелі сәнді туфли киіп келген. Бірақ олардың маркасын бұрынғы Valentino сияқты оңай тану мүмкін болмады.