Биыл еттің бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Бұл туралы ет бағытындағы мал шаруашылығы жөніндегі сарапшы Арсен Исламов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Исламов еттің қымбаттауына не себеп болғанын айтты.
- Қазір ет бағасы тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұған дейін баға көбіне доллардың өсуімен байланысты болатын. Яғни доллар қымбаттаса, ет те қымбаттайтын. Ал қазір ет жергілікті өнім болса да, неге валютамен бірге өседі деген сұрақ туындайды. Себебі фермерлер де жақсы табыс тапқысы келеді. Олардың да отбасы, балалары бар, олар да үй, көлік алғысы келеді. Сол үшін бағаны валютамен шамалас деңгейде ұстайды, – дейді Исламов Dope soz-ге берген сұқбатында.
Сарапшының айтуынша, биылғы тағы бір ерекшелік – әдетте ең қымбат ет жылқы еті саналғанымен, қазіргі уақытта сиыр еті одан да қымбат болып кеткен.
- Бұрын Қазақстанда ең қымбат ет әрқашан жылқы еті еді. Бұл қызық жағдай, себебі жылқыны баптап, етін сатуға көп шығын кетпейді. Бірақ биыл сиыр еті жылқы етінен қымбаттап кетті. Шамамен 300 теңгеге. Бұл орта есеппен 5-7 пайызға жуық, – дейді маман.
Исламов еттің қымбаттауын тек инфляциямен емес, фермерлердің өзін-өзі қамтамасыз етуге тырысуымен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, нарықта баға әлі де құбылуы мүмкін.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбеков Қазақстанда ет 15-20 мыңға дейін қымбаттайтынын айтқан болатын.
Артынша бұл мәлімдемеге қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берген.
Ал ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ет бағасы тұрақты болады деп уәде берген еді.