Қытай «Талибан» үкіметінен ауған-тәжік шекарасындағы өз азаматтарының өлімін тергеуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
10 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қытай өкілі Фу Гун қытай азаматтарының өлімін қатаң айыптап, «қауіпсіздікке қатер төндіретін» алаңдатарлық оқиға деп атады. Ауғанстан аумағындағы террористік топтарды жоюға шақырды.
Оның сөзінше, «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы», ДАИШ, «Техрик-и-Талибан Пәкістан» сияқты террористік топтар Ауғанстанда әлі де белсенді.
Фу Кунг мұндай жағдайлар қайталанбас үшін Тәжікстан мен Талибанды шекарадағы бақылауды күшейтуге үндеді. Оның сөзінше, Пекин аймақта тұрақтылықты қамтамасыз етіп, үйлестіруді нығайту бойынша әріптестік орнатуға дайын.
Контекст
26 қарашаға қараған түні Ауғанстан жағынан жасалған қарулы шабуылдың салдарынан тәжік-ауған шекарасында үш қытай азаматы қаза болды. Арада бір аптаға жуық уақыт өткенде, 1 желтоқсанға қараған түні оқиға тағы да қайталанды. Таулы-Бадахшан автономды облысында екі қытай жұмысшысы өлді.
Осыдан кейін Қытайдың Тәжікстандағы елшілігі сондағы қытай компаниясының қызметкерлерін аталған аумақтан кетуге шақырды.
Душанбе шекаралық аймақта болған шабуылға Ауғанстан аумағындағы қарулы топтарды айыптады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон күштік құрылым өкілдерімен жиналыс өткізді.
Әзірге ешқандай террористік топ Қытай азаматтарының өлімін мойнына алған жоқ.