Стоматологиядағы үш жасар Зеренің қазасына байланысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот анестезиолог Аида Жұмағалиеваны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол үш жыл бойы медициналық қызмет көрсету саласында еңбек ету құқығынан айырылды. Алайда «Рақымшылық туралы» заң аясында тағайындалған негізгі жазадан босатылды.
КОНТЕКСТ
Іс материалдарына сәйкес, анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиева 2024 жылғы 30 қазанда «қызметтік міндеттерін бұзып, қарсы көрсетілімдерді ескермей, кәмелетке толмаған пациентті жалпы седациямен ұзақ уақытқа созылған емге жіберген, соның салдарынан баланың өліміне жол берген».
Қайтыс болған қыздың әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, анасы баланы Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасына тістерін емдету үшін апарған. Емдеу севоран препараты арқылы анестезиямен жүргізілген. Бастапқыда 9–11 тісті емдеу жоспарланған. Алайда седация басталғаннан кейін ата-аналарды операция бөлмесіне шақырып, қосымша тістерді емдеу қажет екенін хабарлаған.