Украина бейбіт келісімге келуге жақындады, бірақ "бір гәп" бар

Сырым Қаржас
REUTERS/Jonathan Ernst

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленский екеуінің соғысты тоқтату жөніндегі келісімге "едәуір жақындап қалғанын, тіпті өте жақын тұрғанын" мәлімдеді. Алайда ол Донбасс аймағының тағдыры шешілмеген негізгі мәселе болып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ 

Екі көшбасшы Флорида штатындағы Трамптың резиденциясында өткен кездесуден кейін бірлескен баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Олардың айтуынша, бейбіт келіссөздердегі ең даулы екі мәселе – Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері және Ресей бақылауға алуға ұмтылып отырған шығыстағы Донбасс аймағын бөлу тақырыбында ілгерілеу бар, деп жазады Reuters.

Сонымен қатар, Трамп пен Зеленский келісімнің нақты мазмұнын ашып айтпады және мерзімін де атаған жоқ. Дегенмен Трамп «бірнеше апта ішінде» келіссөздердің аяқталу-аяқталмайтыны белгілі болатынын айтты. Ол аумаққа қатысты бірнеше «күрделі мәселені» шешу қажет екенін атап өтті.

ЗЕЛЕНСКИЙ

Зеленский Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері бойынша келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ал Трамп бұл мәселеде сақтық танытып, тараптар келісімге жету жолының 95 пайызынан өтті деп бағалады. Ол Еуропа елдері АҚШ қолдауымен бейбіт процестің негізгі ауыртпалығын өз мойнына алады деп үміт білдірді.

Бұған дейін Зеленский АҚШ-тың украин әскерін Донбасстан толық шығару жөніндегі ұсынысын жұмсартуға үміттенетінін айтқан еді. Бұл – Ресей талаптарының бірі және Украина бақылауындағы аумақтың бір бөлігін беруді көздейді. Мәскеу бүкіл Донбассты бақылауға алуды талап етсе, Киев қазіргі майдан шебін сол күйінде «тоқтатуды» қалайды.

Екі президент те Донбасс мәселесінің түпкілікті шешілмегенін мойындады. Алайда Трамп талқылаулардың «дұрыс бағытта жүріп жатқанын» айтты. АҚШ ымыраға келу мақсатында, егер Украина бұл аумақтан кетсе, еркін экономикалық аймақ құруды ұсынған. Бірақ оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.

– Бұл әлі шешілмеген мәселе, бірақ біз айтарлықтай жақындадық. Бұл – өте күрделі тақырып, – деді Трамп.

Ал Зеленский кез келген бейбіт келісім Украина парламентінде бекітілуі немесе референдумға шығарылуы тиіс екенін атап өтті. Трамп, егер бұл келісімге қол жеткізуге көмектессе, парламентпен де талқылауға дайын екенін мәлімдеді.