Танысу сайттарындағы алаяқтық өзектілігін жоғалтпай отыр. Мұндай айла-тәсілдерді қалай тануға болатынын және өзіңізді қалай қорғау керектігін түсіндіреміз.
Бұл схема қалай жұмыс істейді?
Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық:
1-қадам: Аңыз ойлап табу
Бұл схемада алаяқтар өте мұқият дайындалады. Олар ақылды, табысты әрі бай «мінсіз» серіктің ойдан шығарылған бейнесін жасайды. Оған ат қояды, әлеуметтік желілерде аккаунт ашады, өмірбаянын, қызығушылықтары мен хоббиін ойлап табады. Барлығы дайын болған соң, құрбан іздеуге кіріседі. Осындай ауқымды дайындықтан кейін жәбірленуші шын адаммен сөйлесіп отырмын деп сенеді. Маңызды бір жайт — бұл «аңыз» бойынша алаяқ шетелде тұрады. Сол арқылы қарым-қатынас тек онлайн форматпен шектеледі.
2-қадам: Сенімге кіру
Алаяқтар бірден ақша сұрамайды. Алдымен жай ғана сөйлесіп, байланыс орнатады. Бұл кезең бірнеше күнге созылады. Оның мақсаты — жәбірленушінің қырағылығын бәсеңдету. Ол қарсы тараптың шынайылығына сеніп, сақтықты ұмыта бастайды.
3-қадам: «Маңызды ниетін» көрсету
Осыдан кейін алаяқтар «бағаны көтере» бастайды. Олар келіп көруді, тіпті үйленуді де ұсынуы мүмкін. Мұнда кез келген айла қолданылады. Ең бастысы — жәбірленушіні «қармаққа» ілу.
4-қадам: «Сыйлық жіберу»
Өз ниетінің «шынайылығын» дәлелдеу үшін алаяқтар жәбірленушіге сыйлық жібергенін айтады. Әдетте ол — қымбат зат: брендтік бұйым немесе әшекей. Олар сыйлықтың фотосын да, бренд екенін дәлелдейтін «чектерді» де жолдауы мүмкін. Әрине, мұның бәрі — жалған.
5-қадам: «Уақытша қиындықты» ойлап табу
Бірнеше күннен кейін алаяқтар қымбат сәлемдеме Қазақстанға жеткенін, бірақ кеденде мәселе туындағанын хабарлайды. Сыйлықты алу үшін баж салығын немесе кедендік төлем төлеу керек дейді. Ал өздері шетелде болғандықтан оны төлей алмайтынын алға тартады. Жәбірленушіге төлем жасау үшін сілтеме жібереді. Сол сілтеме арқылы адам өз ақшасын тікелей алаяқтарға аударып қояды.
6-қадам: Жоғалып кету
Осыдан кейін алаяқтар жәбірленушіні танысу сайтында да, әлеуметтік желілерде де бұғаттап, байланысқа шықпай кетеді. Ақшаны алып, із-түзсіз жоғалады.
Ал мені алдап жатқанын қалай дер кезінде білуге болады?
Біріншіден, әрқашан салқынқандылықты сақтауға тырысыңыз. Ертегідегі ханзадалар мен сарайдағы өмір туралы уәделерге сене бермеңіз.
Екіншіден, жасанды интеллект дамыған заманда кез келген суретті қолдан жасау бірнеше минуттың ісі екенін ұмытпаңыз. Қымбат сыйлықтардың фотосы оның шынайы екенін дәлелдемейді.
Үшіншіден, әдетте сәлемдеме жіберілсе, барлық шығынды жіберуші өзі төлейді. Алушы ешқандай баж, алым немесе комиссия төлемеуі керек.
Төртіншіден, жағдай қандай болса да, күмәнді сілтемелерге өтудің қауіпті екенін есте сақтаңыз. Төлем карталарыңыздың деректерін бейресми сайттар мен қосымшаларға ешқашан енгізбеңіз.
Жуырда «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында Kaspi.kz-тің YouTube арнасында осы схема туралы арнайы жаңа видео жарияланды.
Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың ең кең тараған тәсілдері туралы бірқатар бейнеролик түсірді. Мақсат — адамдардың алданбауына көмектесу. Жаңа видеолар Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында әр екі апта сайын шығып тұрады.