G7 елдері Ирандағы қанды репрессияны айыптады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Үлкен жетілік» (G7) елдерінің сыртқы істер министрлері және Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ирандағы наразылықтарға қарсы қолданылған «қатаң репрессияларды» айыптады. Олар жағдай жалғаса берсе, «қосымша шектеу шараларын енгізуге дайын» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ

Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Америка Құрама Штаттары, Франция және Жапонияның сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың жоғарғы өкілі Кая Каллас Ирандағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді.

Олардың айтуынша, Иран халқы 2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бері «жақсы өмірге, ар-намыс пен еркіндікке заңды ұмтылысын» ашық білдіріп келеді.

«Біз ирандық биліктің халыққа қарсы күшейген репрессиялық әрекеттеріне үзілді-кесілді қарсымыз», – делінген мәлімдемеде.

ҚАТАҢ ӘРЕКЕТТЕРГЕ ҚАРСЫ ШЫҒУ

Мәлімдеме авторлары көптеген адамның қаза тапқаны мен жараланғаны туралы хабарларға «терең алаңдаушылық» білдірді. Олар қауіпсіздік күштерінің «еркін ұстап алу және қорқыту тактикасын» айыптады. G7 елдері егер Иран билігі халықаралық құқықтағы адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін бұзып, наразылықтарды басуды жалғастырса, қосымша шектеу шараларын енгізуге дайын екенін атап өтті.

ИРАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚТАР

Ирандағы антиүкіметтік наразылықтар 2025 жылдың 28 желтоқсанынан бері жалғасып келеді. Алғашында халық ұлттық валютаның құнсыздануы мен қаржылық дағдарысқа қарсы шыққан еді. Кейіннен экономикалық талаптар саяси сипатқа ауысты.

НАРАЗЫЛЫҚ АУҚЫМЫ

Акциялар елдің 25 провинциясындағы 60-тан астам қалада өтті. Ең ірі шерулер Тегеранда, сондай-ақ Малекшахи, Керманшах және Лордеган қалаларында ұйымдастырылды. Билік наразылықтарды күшпен басуға кірісті. Алайда елде бірнеше күннен бері интернет жұмыс істемей тұрғандықтан, нақты ақпарат алу мүмкін емес. Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (Ирандағы Адам құқықтары ұйымы) дерегінше, наразылықтар барысында кемінде 3428 адам қаза тапқан, 10 мыңнан астам адам ұсталған.