«Қазақстанда сөз бостандығы мен бейбіт жиналу еркіндігі шектелген». HRW ұйымы 2025 жылғы есебін жариялады

Ulysmedia
Фото: DW.com

«Қазақстан билігі сөз бостандығын, бірлесу және бейбіт жиналу еркіндігін қатаң шектеп отыр». Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Human Rights Watch ұйымы 2025 жылғы әлемдік есебін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Human Rights Watch ұйымының есебінде Қазақстан билігінің БҰҰ құрылымдары мен өзге де халықаралық ұйымдар ұсынған адам құқықтарына қатысты ұсынымдарды толық орындамағаны көрсетілген. Елде мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, сот төрелігінің әділдігі, сөз бостандығы мен бейбіт жиналу еркіндігі салаларында әлі де түйткілді мәселелер бар. Сонымен бірге билікті сынайтын азаматтар мен құқық қорғаушыларға қысым көрсету жалғасып келеді.

Есепте әсіресе ЛГБТ қауымдастығының құқықтарына қатысты «оннан астам» ұсынымның ескерусіз қалғаны атап өтілген. Сондай-ақ азаматтық қоғамды қорғау және азаптаудың алдын алу жөніндегі Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт талаптарының орындалмай отырғаны да баса айтылған.

Human Rights Watch 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде және одан кейін болған оқиғаларды биліктің жауапкершілігі мен әділет тұрғысынан ең басты мәселе ретінде атаған.

HRW тұжырымында билік Қаңтардағы көп кісі өлімі және адам құқықтарын бұзу фактілері бойынша жан-жақты тергеу жүргізбегені айтылған.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті де Қаңтар бойынша бейтарап тергеу жүргізуге шақырған, бірақ «үкімет наразылық кезінде және одан кейінгі адам өлімдері мен өрескен құқық бұзушылықтарға қатысты жан-жақты әрі тиімді тергеу жүргізе алмады» делінген HRW есебінде.

Қазақстан билігі Қаңтар бойынша халықаралық тергеу қажеті жоқ деп, елдің өз ішінде әділ тергеу жүргізуге әлеуеті жететінін айтып келеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда мемлекеттік «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Қаңтардың тергелуі жайлы:

«Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді», – деген.

Бұдан өзге, есепте қамауда отырған марафоншы әрі саяси белсенді Марат Жыланбаев, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім жөнінде айтылған. АЭС салуға қарсы шығып, істі болған Айдар Мүбараков, Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов пен Жанат Қазақбайдың ісі, Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі жөнінде айтылған.