Ресейдің тағы бір серіктесі Кубада авиация отыны таусылуға жақын, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
9 ақпанда Куба үкіметі халықаралық әуе тасымалдаушыларын ел аумағында авиациялық отынның сейсенбі күні толық таусылатыны жөнінде ескертті. Гавана билігінің хабарлауынша, кемінде 11 наурызға дейін, яғни бір айға жуық уақыт бойы ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету мүмкін болмайды. Алайда бұдан екі күн бұрын ресми өкілдер елдегі отын тапшылығы әуе қатынасының жұмысына әсер етпейді деп мәлімдеген болатын.
Кейінгі жылдары Кубаны Николас Мадуро басқарған Венесуэла жанармаймен қамтамасыз етіп келген. Бірақ былтыр желтоқсанда АҚШ Венесуэладан мұнай және мұнай өнімдерін экспорттауды тоқтатып тастаған. Жағдай АҚШ Мадуроны ұстап әкеткеннен кейін де өзгермеген.
Бұдан өзге, АҚШ билігі биыл қаңтарда Кубаға жанармай бермеуді көздейтін шаралар қабылдайтынын мәлімдеген. Вашингтон аралға жанармай жеткізген елдерге қосымша баж салығын енгізуі мүмкін екенін ескерткен.
Кубаға қатынайтын халықаралық рейстер арасында Ресейдің «Аэрофлот», «Россия» және Nordwind Airlines әуе компаниялары да бар. Mash телеграм-арнасы 9 ақпанда жолаушылар сөзіне сүйеніп, Кубада қосымша жанармай құю мүмкін болмағандықтан «Россия» әуе компаниясының Мәскеу – Гавана бағытындағы жолаушы рейсі тоқтатылғанын хабарлады. Кейін ұшақ Гаванаға жолаушысыз ұшып кеткен. Туроператорлар қауымдастығы (АТОР) Ресейден жолаушысыз бос кеткен ұшақ аралдағы ресейлік туристерді алып қайту үшін жіберілгенін растады.
Дүйсенбі күні «Аэрофлот» компаниясы Кубаға әуе рейстерін жалғастыратынын мәлімдеді. Бірақ жолда қосымша жанармай құю үшін ұшу бағытына өзгерістер енгізетінін ескертті.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дүйсенбі күні АҚШ Кубаға«тұншықтыру саясатын» қолданып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей билігі «кубалық достармен» жағдайды талқылап, «мәселені шешу және мүмкіндігінше көмек көрсету жолдарын»қарастырып жатыр. Ол нақты қандай көмек екенін айтқан жоқ.