Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Матен Петролеум» мұнай компаниясының бас директоры Лю Цзиньчэнді сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Аталған жағдай Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің отырысында болды. Жиында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз”, “Матен Петролеум” компаниялары және “Бұзашы Оперейтинг ЛТД” филиалының сатып алуларында қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін көбейту мәселесі қаралды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин “Матен Петролеум” АҚ бас директоры Лю Цзиньчэннен компанияның қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттары бар-жоғын сұрады.
Бұл сұраққа алдымен бас директордың орынбасары жауап беруге тырысты, алайда депутат оған қарсылық білдірді.
- Жоқ, өзі жауап берсін. Бас директор ғой, жалақы алады. Оның үстіне жоғары жалақы алады. Лю мырза, айтыңызшы, ұзақмерзімді келісімшарттар бар ма, жоқ па?
- Бар, – деп жауап берді ол.
- Қанша? – деп нақтылады депутат.
Осы сәтте көмекшілердің бірі Лю Цзиньчэнге сыбырлап көмектесе бастады. Жанбыршин бұған байқап, компанияға сұрақтар алдын ала жолданғанын мәлімдеді.
- Сіз дайын емессіз бе? Біз бұл сұрақтарды сізге жіберген едік қой, - деді депутат.
- Менің есте сақтау қабілетім айтарлықтай жақсы емес, - деп жауап берді Лю Цзиньчэн.
Осыдан кейін бас директор көмекшісінің айтқанын қайталай бастады, бұл депутаттың сынына себеп болды.
- Кешіріңіз, бірақ сіз үлгерімі нашар оқушы сияқтысыз. Бас директор ретінде кіммен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалғанын, қандай тауарлық позициялар бойынша, компаниялар қайда орналасқанын, қандай сомаға және қандай мерзімге жасалғанын нақты білуіңіз керек. Бар болғаны алты компания ғой. Ал сіз мектептегі үлгерімі төмен оқушы сияқты жауап бере алмай отырсыз, – деп Жанбыршин оны сынға алды.