Құрылтай құрылса, бір мандатты округтен сайланған депутаттар не істейді?

Рая Минап
Ulysmedia.kz коллажы

Жаңа Конституция жобасы бойынша 1 шілдеден бастап Парламент таратылып, бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Алдағы референдум өтіп, жаңа Конституция қабылданған жағдайда жаз уақытында Құрылтайдың құрамы бекітіліп, жаңа депутаттар сайланбақ. Ulysmedia.kz тілшісі бір мандатты округтен сайланған депутаттарды сөзге тартып, олардан алда қандай партия атынан сайлауға түспек ойы бар екенін сұрап көрді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков әзірге ешқандай жоспар құрмағанын айтады.

«Әзірге ешқандай жоспар құрған жоқпын. Сессияның соңына дейін жұмысымды істей беремін. Осыған дейін ешқандай партияның атынан сайланып көрген жоқпын.Осы ұстанымда қала беремін. Сайлаушыларыма да осындай уәде берген едім.Күнделікті қарбалас жұмыспен жүрмін. Не болатынын уақыт көрсетеді»,  - дейді ол.

Ал депутат Ермұрат Бапи әзірге бір ұстанымға келмегенін айтады.

«Өзім бір ұстанымға келген жоқпын. Өйткені, елдегі партиялардың реконстукциялық жағдайына байланысты науқан басталған жоқ. Референдум өткен соң саяси партиялардың арасында жаңа сайлауға, Құрылтайға байланысты жұмыстар жүреді. Бір үлкен науқан болады деп ойлаймын. Сол кезде қандай партиялар пайда болатынын, қайсысы сайлауға түсетінін, қайсысы түспейтінін көреміз. Әлдебір партиялар біріге ме немесе партиялар арасында ұстанымына қатысты өзгерістер бола ма көреміз. «Асатпай жатып құлдық жоқ» деп қазақ айтпақшы оны күте тұру керек», - дейді Мәжіліс депутаты. 

Депутат Бақытжан Базарбек Құрылтайда жұмысын жалғастыруға ниетті екенін айтты. 

«Әрине, саяси өмірімді ұзартатын болсам, елдің дамуына үлесімді қосам десем, тағы сайлауға түсемін. Талай заңдарды түзеттік, алдағы уақытта тағы көп заңды түзетеміз. Талай тексеріс ашамыз, халықтың мұңын көтереміз. Сондықтан, шешімді алдағы уақытта қабылдаймын. Әзірге қай партияның атынан түсетінімді білмеймін. Бәрі уақыт еншісінде, алдағы уақыттта ол жөнінде айтатын боламын», - деді  Базарбек.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін құрылтай депутаттары қандай тәсілмен сайланатынын түсіндірген едік. 

Қазақстанда жаңа парламент Құрылтай деп аталатын болады. Бір палаталы парламентте 145 депутат болады.