Көлік министрі миллион теңгенің кепкасын киіп жүргенін білмеген

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев гардеробындағы қымбат брендтік бұйымның қайдан пайда болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жуырда блогерлер Мәжіліс ғимаратынан шыққан министрдің Loro Piana брендінің кепкасын кигенін байқаған. Желідегі ақпаратқа сәйкес, оның құны 1 миллион теңгеден асады.

Ulysmedia.kz тілшісі министрден мұндай қымбат киімді қаншалық жиі киетінін және мемлекеттік қызметкердің жалақысымен оны қалай ала алатынын сұрады. Сауранбаев әлеуметтік желідегі шуға дейін мұндай кепкасы бар екенін өзі де білмегенін айтты.

– Шынымды айтсам, брендтерді мүлде түсінбеймін, өмірде қарапайым адаммын. Бірақ енді білдім. Бағасын тым асырып жіберген, – деді министр.

Біз тіпті жеңілдікпен де мұндай киімнің құны 500 мың теңгеден төмен болмайтынын нақтылап, бұл ерлер киіміндегі ең қымбат брендтердің бірі екенін айттық. Алайда Нұрлан Сауранбаев кепкасының бағасы әлдеқайда төмен екенін тағы да қайталады.

ӘЙЕЛІНІҢ СЫЙЛЫҒЫ МА

Үкімет отырысынан кейін министрге қайта жолығып, өзін «қарапайыммын» деген адамның гардеробында қымбат брендтің қалай пайда болғанын сұрадық. Бұл жолы да министр қысқа жауап берді: кепканы оған жұбайы сатып алып берген.