Ираннан ұшқан дрон Әзербайжан аумағына құлады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Нахичевань қаласындағы әуежай маңында өрт шығып, терминал ғимараты зақымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіне жақын дереккөзі таратқан мәліметке сәйкес, Ираннан ұшырылған зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары Нахичевань әуежайы маңына құлаған.

Салдарынан әуежай терминалының ғимаратына зақым келген. Жарылыс сынықтары ғимараттың шатырын тесіп өткен. Қала аумағында өрт шыққаны да хабарланды.

Әзірге қираған нысандар немесе зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Нахичевань қаласы Иран шекарасынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан.

ЭВАКУАЦИЯ

Minval.az мәліметінше, әуежай маңына дрон құлағаннан кейін жақын маңдағы мектептерден мұғалімдер мен оқушылар эвакуацияланған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ

Әзербайжан билігі ел аумағына құлаған дрондарға байланысты Ираннан түсініктеме талап етті. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомство Иран аумағынан ұшырылған ұшқышсыз аппараттардың шабуылын қатаң айыптады.

- Біз Иран Ислам Республикасының аумағынан ұшырылған ұшқышсыз аппараттардың шабуылын қатаң айыптаймыз. Соның салдарынан әуежай ғимаратына зақым келіп, екі бейбіт тұрғын жарақат алды. Бұл шабуыл Әзербайжан аумағына қарсы жасалған әрекет болып табылады және халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарына қайшы келеді. Сонымен қатар ол аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтеді. Біз Иран Ислам Республикасынан бұл жағдайды қысқа мерзім ішінде түсіндіріп, ресми жауап беруді және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етеміз. Әзербайжан тарапы тиісті жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдырады, – делінген мәлімдемеде.

ЕЛШІ ШАҚЫРЫЛДЫ

Сыртқы істер министрлігі Иранның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дермичилудың ведомствоға шақырылғанын хабарлады. Министрлік мәліметінше, иран тарапына қатаң наразылық білдіріліп, ресми нота тапсырылатын болады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Ираннан Түркия бағытына зымыран ұшырылған болатын.