Сиыр еті мен жұмыртқаны экспорттауға қатысты шешім шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Үкіметте азық-түлік пен ауыл шаруашылығына байланысты бірқатар мәселе талқыланды. Онда елден қандай өнімдерді экспорттауға болады, ал қайсысына шектеу қою керек деген сұрақтар қаралды. Жиынды вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Картопты экспорттауға болады

Бұған дейін үкіметте картоп экспортын уақытша тоқтату мүмкіндігі талқыланған еді. Мұның себебі – ел ішінде бағаның өсіп кетуіне жол бермеу. Алайда қазір нарықтағы жағдай тұрақтанған, қор жеткілікті. Сондықтан бұл өнімді экспорттауға шектеу енгізілмейді.

Сиыр етін экспорттау

Сондай-ақ сиыр етін экспорттауға берілетін квота мәселесі көтерілді. Қазір экспорттаушы компанияларға қойылатын талаптар өте қатаң. Мысалы, компанияның кемінде бес мың бас малға арналған өз бордақылау алаңы және жеке ет комбинаты болуы керек.

Бұл талаптарды жеңілдету туралы шешім қабылданды. Үкімет осылайша экспортқа қатысатын компаниялар саны көбейіп, саланың дамуы жеделдейді деп есептейді.

Сонымен қатар, билік елдегі ірі қара мал санын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі шамамен 7,9 млн бастан 12 млн басқа дейін жеткізу көзделген.

Бұған қоса Қазақстаннан аналық малды, ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға қойылған тыйымды ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл шектеу бұқашықтарға да қатысты.

Жұмыртқа импорты уақытша тоқтатылады

Тағы бір шешім тауық жұмыртқасына қатысты. Алты айға олардың импортына, соның ішінде ЕАЭО елдерінен әкелуге де тыйым салынады.

Қазір Қазақстанда шамамен 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа өндіреді. Өткен жылы олар 4,5 млрд-тан астам жұмыртқа өндірген. Соның арқасында ішкі сұраныстың шамамен 98%-ы отандық өнім есебінен қамтамасыз етіледі.

Тағы қандай мәселелер қаралды

Сонымен қатар, үшінші елдерден теміржол техникасына арналған бөлшектер мен рельстер импортын шектеу мәселесі талқыланды.

Талқылаудан кейін мұндай тыйым енгізбеу туралы шешім қабылданды. Алайда «Қазақстан темір жолы» компаниясына мүмкіндігінше мұндай бөлшектерді алдымен қазақстандық өндірушілерден сатып алу тапсырылды.