Біріккен Араб Әмірліктері Иран азаматтарының, соның ішінде «алтын виза» иелерінің тұру рұқсаттарының күшін жойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ирандық Tasnim News Agency агенттігіне сілтеме жасап.
АКТИВТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТ
Дереккөз мәліметінше, БАӘ билігі ирандықтарға тиесілі шамамен 530 млрд доллар көлеміндегі активтерді де тәркілеген. Ақпаратта инвесторларға бұған дейін 99 жылға дейін ұзақ мерзімді тұруға рұқсат берілетіні айтылғанымен, кейін бұл рұқсаттар біржақты түрде күшін жойғаны көрсетіледі.
Алайда бұл мәлімет әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
АЙМАҚТАҒЫ ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙ
Бұған дейін Иран тарапынан әскери белсенділік туралы да хабарланған. Ирандық дереккөздердің мәлімдеуінше, аймақтағы өнеркәсіп нысандарына соққы жасалған. Атап айтқанда, БАӘ-дегі Emirates Global Aluminium (EMAL) және Бахрейндегі ALBA кәсіпорындары аталған.
БАӘ аумағындағы зауытқа зақым келген, қызметкерлер арасында зардап шеккендер бар. Дегенмен олардың өміріне қауіп жоқ. Қазіргі уақытта келген шығын көлемі бағаланып жатыр.