Қытай компаниясы Kaspi.kz-тің ірі акционері атанды

Ulysmedia
Фото: Kaspi.kz

Kaspi.kz-тің бір бөлігі қытайлық инвесторлардың қолына өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Tencent (WeChat әзірлеушісі) компаниясы Kaspi.kz акционерлерінің қатарына қосылды. 

Tencent, Kaspi.kz-тің тең құрылтайшысы әрі басшысы Михаил Ломтадзе, сондай-ақ басқарушы топ мүшелері мен институционалдық инвесторлар Baring Fintech Venture Funds қорынан шамамен 6 млн америкалық депозитарлық қолхаттарды (ADR) сатып алды. Алайда қытайлық компанияның нақты үлесі мен мәміле сомасы жарияланған жоқ.

1 сәуірдегі дерек бойынша Kaspi.kz-тің айналымдағы жай акцияларының жалпы саны 199,5 млн дана болған. Осыған сәйкес, Baring Fintech Venture Funds шамамен 3 пайыз үлесін сатқан. 

Сонымен қатар, Kaspi.kz акционерлері қатарына АҚШ-тың университеттік инвестициялық қорлары — Washington University және University of Wisconsin Foundation құрамындағы WISIMCO, сондай-ақ Spice Expeditions инвестициялық компаниясы қосылды. Олардың үлестері де нақтыланбаған.

- «Tencent — Қытайдағы ең ірі технологиялық компания және WeChat авторы. Бұл қосымшаны 1,3 миллиардтан астам адам пайдаланады.Tencent-ті Kaspi.kz компаниясының ірі акционерлері қатарында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Сондай-ақ финтех саласына маманданған халықаралық инвестициялық компания — Spice Expeditions және АҚШ-тағы университеттік инвестициялық қорлар — Washington University мен University of Wisconsin Foundation құрамындағы WISIMCO-ны ұзақ мерзімді акционерлер қатарында көргенімізге де қуаныштымыз», — деп пікір білдірді Михаил Ломтадзе.

Kaspi.kz қызметтерін Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам клиент және 900 мың серіктес пайдаланады. Қазақстанда компанияның суперқосымшасы төлемдер, электронды сауда, онлайн-супермаркет, финтех, саяхат, хабарландырулар, мемлекеттік және басқа да сервистерді біріктіреді.

Түркияда Kaspi.kz Hepsiburada компаниясының 86 пайыз үлесіне иелік етеді. Бұл елдегі жетекші электронды сауда платформаларының бірі.

2024 жылдың қаңтарынан бері Kaspi.kz акциялары Nasdaq биржасында саудаланып келеді.