«Сергек» адам мінезін бақылай ала ма: Депутаттың ұсынысына жауап

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов қоғамдық этиканы "Сергек" камералары арқылы бақылауды ұсынған болатын. Sergek Group камераның нақты қандай жағдайды түсіре алатынын  Ulysmedia.kz тілшісіне айтты. 

Мәжілісте қоғамдық орындардағы агрессияны камера арқылы тіркеу туралы ұсыныс айтылғаннан кейін, талқылау бірден бейнебақылау жүйелері қала тұрғындарын «естуі» керек пе деген сұраққа ойысты. Алайда Қазақстан қалаларында қазірдің өзінде қолданылып жатқан технологиялар бұл мәселені басқа қырынан – сөзді емес, мінез-құлықты талдау арқылы шешіп отыр.

ЖҮЙЕ ТӨБЕЛЕСТІ БАҚЫЛАЙ АЛА МА? 

Қоғамдағы пікірталасқа байланысты Sergek Group әзірлеушілері бүгінгі таңда жүйе қандай жағдайларды анықтай алатынын түсіндірді.

Мұндағы логика қарапайым: агрессия көбіне сөзден емес, әрекеттен басталады. Қақтығыстың төбелеске ұласуы, адамдардың кенеттен топталуы, кадрда қарудың пайда болуы немесе көпшілік арасындағы шиеленіс – осындай жағдайлар нақты қауіп төндіреді. Дәл осы сәттерді Sergek VMS жүйесі тіркейді. Бұл – компания қалалық қауіпсіздік үшін дамытып жатқан бейнебақылау және мінез-құлықты талдау жүйесі,– дейді компания. 

Sergek Group айтуынша, жүйе төбелес, қауіпті мінез-құлық үлгілері, қалыптан тыс адамдар шоғырлануы, қараусыз қалған заттар сияқты жағдайларды анықтауға үйретілген. Кадрдағы жағдай қалыпты шектен шыққан сәтте, жүйе бірден жедел әрекет ету орталығына сигнал жібереді. Соның арқасында құқық қорғау органдары оқиға ушығып кеткеннен кейін емес, дәл сол сәтте әрекет ете алады.

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫ 40%-ҒА ТӨМЕНДЕТУГЕ БОЛАДЫ 

Қауіпсіздік туралы айтқанда, тіркелген құқықбұзушылық саны емес, оның алдын алу маңызды. Біздің шешімдер қолданылатын қалалардағы орташа көрсеткіштерге сүйенсек, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық деңгейі шамамен 40%-ға төмендейді. Технологияның басты міндеті — көзге түспей жұмыс істей отырып, адамдарға қауіпсіздік сезімін қалыптастыру, – дейді Sergek Group компаниясының өнімдерді дамыту жөніндегі директоры Нигмет Абдрахманов.

Камера тек көргенін жазып қана қоймай, оны түсіндіре алатын тәсіл қоғамдық қауіпсіздікке деген көзқарасты түбегейлі өзгертуде. Бұл – әрекетке кейін жауап беру емес, алдын ала әрекет ету. Оқиға болған соң талдау емес, жағдай дамып жатқан сәтте сигнал беру.

Осы тұрғыдан алғанда, агрессияны анықтау мәселесі тек сөзді танумен шектелмейді. Бүгінгі технологиялар нақты қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді және бұл ретте қала тұрғындарының жеке өміріне араласпайды.

Сондықтан бүгінгі негізгі сұрақ – камераларға қандай қосымша функция беру керек дегенде емес, қолда бар мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз дегенде.