Эпштейн ісі қайта ушықты: сот жариялаған хатта не жазылған?

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ соты Джеффри Эпштейн жазған болуы мүмкін делінген хатты жариялады. Құжатта ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеушілердің бір ай бойы ештеңе дәлелдей алмағанын айтқан. Сонымен қатар қоғамда резонанс тудырған «Эпштейн құжаттарында» әлемдік саясаткерлер мен танымал тұлғалардың есімдері аталып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ХАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Федералдық судья марқұм Джеффри Эпштейн жазған болуы мүмкін деп сипатталған құжатты жариялады. Reuters агенттігінің жазуынша, қолжазба хатты оның бұрынғы камераласы, кісі өлтіргені үшін сотталған экс-полицей Николас Тартаглионе тапқан.

Эпштейннің болжамды қоштасу хаты туралы ақпарат 2026 жылдың сәуір айының ортасында пайда болды. Айтуларынша, Тартаглионе жазбаны кітап ішінен тауып алған. Алайда сот бұл құжаттың түпнұсқа екеніне кепілдік бермейді.

«Олар мені бір ай бойы тергеді – ештеңе таба алмады! Ақырында 15 жыл бұрынғы айыптарды шығарды. Қоштасатын сәтті өзің таңдаудың қандай керемет екенін білсеңіз ғой. Менен не күтесіздер? Жылап-сықтауымды ма?! Ондай рақатқа кенелмейсіздер – оған тұрмайды!» – делінген жазбада.

ЭПШТЕЙН ІСІ

Джеффри Эпштейн 2019 жылдың тамызында Манхэттен түрмесінде көз жұмды. Ол адам саудасы және зорлық көрсету ісі бойынша сотталған. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол салған.

Тергеу материалдары мен желідегі болжамдарға сәйкес, Эпштейн «тірі тауарды» жеткізуге делдал болған адамдарды кейін бопсалап, осылайша әлемдік саясаткерлерге ықпал етуі мүмкін деген күдік айтылады.

Ол заңсыз бизнесіне қатысы бар немесе өзі араласқан адамдардың есімдерін арнайы тізімге енгізіп отырған. Бұл құжаттар кейін «Эпштейн файлдары» деп аталды.

Тізімде Дональд Трамп, Барак Обама, Мишель Обама, Bill Gates, Роберт Де Ниро, Хиллари Клинтон, Jay-Z, Ким Кардашьян секілді танымал адамдардың аты аталады. Сонымен қатар Принц Гарри, Вуди Аллен, Камала Харрис, Meta негізін қалаушы Марк Цукерберг, Брюс Спрингстин, Tesla басшысы Илон Маск және басқа да тұлғалар бар. 

АҚШ Әділет министрлігі тізімде есімнің аталуы адамның заңсыз әрекетке қатысы барын немесе Эпштейнмен тікелей байланысын дәлелдемейтінін атап өтті. Кей жағдайларда бұл тек электронды хат алмасу немесе БАҚ материалдарындағы сілтемелер ғана болуы мүмкін.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жарияланған құжаттарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің есімі кемінде сегіз рет аталады. Атап айтқанда, оның аты электронды хаттарды қоса алғанда, құжаттардың бірнеше бөлігінде аталған. Бұл материалдар 2011-2015 жылдар аралығын қамтиды. 

Осыған байланысты Қазақстанның Бас прокуратурасы ақпаратты тексеруді бастаған.