Әлемде өмір сүру ең қымбат ел қайсы?

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Тұрғындарға өмір сүру ең қымбатқа түсетін елдердің рейтингі жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗЕРТТЕУ

Швецияның TT агенттігі Исландиядағы жоғары оқу орындары түлектерінің Viska кәсіподағы жүргізген зерттеуге сілтеме жасап хабарлағандай, әлемдегі өмір сүру құны ең жоғары ел қазір – Исландия. Осылайша ол баға деңгейі бойынша Швейцарияны басып озды.

Зерттеу барысында Еуростат пен Исландияның орталық банкі Sedlabanki деректері пайдаланылған. Сарапшылардың есебінше, Исландиядағы тұрмыс шығындары Швейцариямен салыстырғанда шамамен 3 пайызға жоғары.

БАҒА НЕЛІКТЕН ЖОҒАРЫ?

Мамандар мұны бірнеше фактордың әсерімен байланыстырады.

Ең алдымен, елде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Туризм Исландия экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналған. Соның нәтижесінде қызмет көрсету бағасы мен жалақы көлемі өсіп, инфляцияға қосымша қысым түсіруде.

Сондай-ақ тұрғын үй нарығындағы жағдай да маңызды рөл атқарып отыр. Әсіресе туристер көп баратын өңірлерде баспана бағасы өте жоғары. Бұл халықтың күнделікті шығынының артуына әсер етеді.

Viska ұйымының экономисі Вильхьяльмур Хильмарссонның айтуынша, ел экономикасы еңбек күші көп қажет ететін салаларға едәуір тәуелді. Мұндай құрылым инфляциялық қысымды күшейтіп, бағаның одан әрі өсуіне ықпал етеді.

ТАҒЫ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ ӨМІР СҮРУ ҚЫМБАТ?

Еуростат мәліметіне сәйкес, Исландия соңғы рет 2018 жылы баға деңгейі бойынша Швейцариядан озған еді. Сегіз жылдан кейін ел қайтадан әлемдік рейтингтің көшін бастады.

2026 жылы өмір сүру құны ең жоғары елдер қатарына сондай-ақ Бермуд аралдары, Кайман аралдары, Сингапур, Норвегия, Дания және Люксембург те енді.