Жамбылда арнайы жасақ инспекторы өзін-өзі атып өлтірді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысында арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы қаза тапты. Қайғылы оқиға Қордай аудандық полиция бөлімінде болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, ҚР ҚК 105-бабы — «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Алдын ала дерек бойынша, 30 жастағы СОБР инспекторы казарма дәлізінде қызметтік қаруынан өзіне оқ атқан. Қарудың SIG Sauer тапаншасы болуы мүмкін екені айтылады.

Оқыс оқиғадан кейін лейтенант ауыр халде орталық аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады — ол жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.

Полиция не дейді?

Қайғылы оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Құзырлы орган өкілдері оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар қызметтік тексеріс тағайындалған.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге деректер жария етілмейді, — делінген Жамбыл облыстық ПД хабарламасында.